Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Тұрмыстық зат атаулары шеберханасы» байқауының жеңімпаздарын анықтады. Енді қазақ тілінің сөздік қоры 30 жаңа атаумен толықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам өтінім келіп түскен. Қатысушылар күнделікті қолданыстағы тұрмыстық заттарға – ыдыс-аяқтан бастап тұрмыс техникасына дейін – қазақша атау ұсынған.
Институт директоры Анар Фазылжанова байқаудың маңызына тоқталды:
«Біздің мақсат – қазақ тіліндегі тұрмыстық зат атауларын жүйелеп, халыққа түсінікті әрі ыңғайлы ету. Жеңімпаз сөздер арнайы комиссияның сараптамасынан өтіп, ресми сөздікке енгізіледі».
Үздік деп танылған атаулардың қатарында «қуаттағыш» (зарядное устройство), «ауатайлағыш» (кондиционер), «тұмшапеш» (микротолқынды пеш) сынды сөздер бар. Бұл атаулар қазақ тілінің сөзжасам заңдылығына сай құрастырылған.
Байқау нәтижесінде таңдалған сөздер алдағы уақытта Тіл білімі институтының онлайн сөздігінде жарияланады. Қазақ тілін дамытуға үлес қосқан барлық қатысушыға алғыс білдіріледі.

