Categories Жайық news

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ КЕМЕ КАСПИЙГЕ АТТАНДЫ

Оралда Отан қорғаушы күніне орай еліміздегі ең ірі кеме суға түсірілді. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, Президент тапсырмасы бойынша ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысы аясында жүзеге асырылған маңызды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бүгін «Зенит» зауыты ұжымының кәсіби шеберлігі мен адал еңбегінің арқасында еліміздегі ең ірі кемені суға түсіріп отырмыз. Корабльге мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Экипаж қорғаныс әлеуетін күшейтуде қалтқысыз қызмет етеді деп сенемін, сәттілік тілеймін!, — деді Нариман Төреғалиев.

Зауыт жасап шығарған 37-інші су көлігінің салмағы – 720 тонна. Жүк тасымалдауға арналған трюмнің көлемі – 30 текше метр. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Виталий Каплуновтың айтуынша, кеменің жылдамдығы 16 түйінге дейін жетеді. Ұзындығы – 51 метр, ені – 9,5 метр. 8 балдық дауылға шыдас береді. Жобаны жүзеге асыруға зауыт жұмысшылары түгел атсалысты.

Көпфункционалды кеме ҚР әскери теңіз күштерінің кемелері мен катерлерін дизельдік отын, ауызсу, азық-түлік және өзге де материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге бағытталған. Жеке құрам отыз шақты адамнан тұрады. Экипаж үшін қолайлы жағдай жасалған.

Су көлігі теңізге шыққанға дейін көпір астынан өтуге тура келеді. Сондықтан алып кеменің діңгегі Ақтау айлағында орнатылады.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жазбалар

Астанада арзан ет сатамын деп 3 млн теңге жымқырған ер адам ұсталды

Астанада криминалдық полиция 38 жастағы ер адамды ұстады, ол базарларда арзан ет сатамын деп алдап,…

Облыс делегациясы мұнай-химия өндірісінің озық тәжірибелерімен танысты

Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев бастаған батысқазақстандық делегация Қытай Халық Республикасының Ляонин провинциясына жасаған жұмыс сапары…

БҚО мен Германия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды   

Батыс Қазақстан облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қалияр Айтмұхамбетов Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас…