Categories Жайық news

Тоқаевқа Алматының болашағы таныстырылды: қала қалай өзгереді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, қаланың даму барысын талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Кездесуде Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысына Алматының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен негізгі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы туралы есеп берді. Оның айтуынша, былтыр қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 12,8 пайызға өсіп, мемлекет бюджетіне 6,6 триллион теңге салық түскен.

Әкім қаланы бірнеше орталыққа бөліп дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамаларды таныстырды. Бұл тұжырымдама аясында заманауи IT-инфрақұрылым, көпфункционалды іскерлік кешендер және тұрғындарға арналған абаттандырылған демалыс аймақтары құрылады.

Сондай-ақ Алматының жаңа Бас жоспарына сәйкес қаланың жоғарғы және орталық бөліктеріндегі тығыз құрылысты тежеу, ауаның еркін айналымын қамтамасыз ету және жасыл желек көлемін үш есеге, яғни 3 800 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Қаланың көлік жүйесі де жаңарады. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жүрдек қоғамдық көлік желілері дамытылады. Бұған қоса, 2025 жылға қарай қала көшелері толықтай сапалы жарықтандырылып, қуаты екі есе артады. Саябақтар мен көшелер бірыңғай стандарт бойынша жаңғыртылады.

Кездесуде Алматы тау кластері жобасы ерекше талқыланды. Қазір «Медеу» базалық станциясы арқылы «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын біріктірудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Жоба жүзеге асса, аспалы жолдар саны 16-дан 62-ге, тау шаңғысы трассаларының ұзындығы 250 шақырымға дейін жетеді. Демалыс аймақтары бір уақытта 40 мың адамды қабылдай алатын болады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Алматы экономикасын әртараптандыру, экологияны жақсарту, тұрақты көлік және туристік инфрақұрылымды қалыптастыру, сондай-ақ қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Адамзат тарихындағы жаңа кезең: 50 жылдан астам уақыттан соң астронавтар Айға аттанды

50 жылдан астам үзілістен кейін адамзат Айға қайта оралды. "Артемида-2" миссиясы аясында төрт астронавт Жер…

Жамбыл облысындағы сарбаз өлімі: рота командирі сот алдында жауап береді

Жамбыл облысында қаза тапқан сарбаз Еркебұлан Рүстемұлының өліміне қатысты іс сотқа жолданды. Рота командиріне салғырттық…

Маман: «Психологтарды коуч деп атау керек»

Қазақстанда психологтардың қызметін реттеуге қатысты жаңа ережелер әзірленіп жатыр. Сарапшы бұл бастамаға қатысты өз пікірін…