Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыру жүйесін қатаң сынға алып, салаға бөлінген миллиардтаған теңгенің нақты нәтижесі көрінбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы алты жылда ғылымға арналған қаржы бірнеше есе ұлғайған. Жыл сайын бұл салаға 200 миллиард теңгеден астам (500 миллион доллардан аса) қомақты сома бөлінеді. Алайда, президенттің сөзінше, бұл қаржыландырудың нақты нәтижесі әлі көрінбейді.
Оның үстіне, Бас прокуратураның тексерісі салалық министрлік пен Ғылым қорында ауқымды қаржылық заңбұзушылықтардың бетін ашқан. Тоқаев грант алушыларды аккредиттеуден бастап, қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер барын атап өтті.
«Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық – бір-біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған. «Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды» деген ұстаным тамыр жайған», – деді Президент.
Тоқаев ғылыми жұмыстың нақты пайдасы мен жаңашылдығына ешкімнің бас қатырмайтынын, сараптаманың ұзаққа созылып, жобалардың уақытылы іске аспайтынын да тілге тиек етті.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

