Categories Қаржы

Қазақстанға шетелден көлік әкелу және оны рәсімдеу тоқтатылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда шетелден әкелінген жеңіл автокөліктерді кедендік рәсімдеуде қиындықтар туындады. Бұл мәселе 30 маусым күні кешкі сағат 19:00 шамасында басталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кедендік брокерлер KEDEN ақпараттық жүйесінде ақау туындағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, жүйе жеке тұлғалардың атына рәсімделетін жеңіл автокөліктердің кедендік декларацияларын қабылдамай жатыр. Декларацияны тіркеу кезінде экранда «Жеке тұлғаларға автокөлік әкелуге тыйым салынған» деген хабарлама пайда болған.

Кедендік рәсімдеумен айналысатын кәсіпкерлер мұндай өзгерістер туралы алдын ала ешқандай ресми хабарлама, бұйрық немесе түсіндірме берілмегенін айтады. Соның салдарынан көптеген автокөлік кеден қоймаларында рәсімделмей қалып қойған.

Мамандардың сөзінше, көліктердің рәсімделуінің кешігуі азаматтар мен кәсіпкерлерге айтарлықтай қаржылық шығын келтіріп отыр. Өйткені қоймада сақтау шығындары артып, жеткізу мерзімі созылып, клиенттер алдындағы міндеттемелердің орындалуы қиындаған.

Сондай-ақ брокерлер мұндай шектеудің ресми жарияланбай және өтпелі кезеңсіз енгізілуі заңдылық тұрғысынан күмән тудыратынын айтады. Олардың пікірінше, жолда келе жатқан, төлемі жасалған және қолданыстағы заң талаптарына сай рәсімделуге тиіс көліктердің тоқтатылуы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен жеке тұлғалардың құқықтарын бұзады.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін журналистер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүгінген. Алайда комитет өкілдері бұл шектеуді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі енгізгенін айтып, түсініктемені сол ведомстводан сұрауға кеңес берген.

Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мұндай шешімді қабылдамағанын мәлімдеп, мәселе бойынша қайтадан Қаржы министрлігіне жүгінуді ұсынған. Осылайша, екі мемлекеттік орган жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, қалыптасқан жағдай 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енген автокөлік импортын реттейтін жаңа талаптармен байланысты болуы мүмкін. Қолданыстағы ережеге сәйкес, жеке тұлғалар жылына бір рет жаңа немесе қолданыста болған бір автокөлікті жеке пайдалану үшін жеңілдетілген кедендік тәртіппен елге әкеле алады.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда интернет-алаяқтардан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылды

Қазақстанда интернет-алаяқтықпен күрес күшейтіліп, биылғы жылдың басынан бері тіркелген киберқылмыстар саны 7 пайызға төмендеді. Бұл…

Қазақстанда ипотека бойынша максималды мөлшерлеме өзгерді

Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу тәртібі өзгерді. Енді ипотека…

Қазақстанда жерлеу рәсімдерінің құны 7,1%-ға өсті

Қазақстанда 2026 жылдың бірінші тоқсанында жерлеу рәсімдерінің құны 7,1%-ға өсті, ең жоғары өсім Ақтөбе облысында…