Categories Көңіл ашар

Балқаштық Ақбақай тазысы Түркияда өткен этнофестивальде медаль жеңіп алды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ыстанбұлда өткен VIII халықаралық этноспорт мәдени фестивалінде (Ethnosport Culture Festival) Балқаш пен Баянауылдың екі тазысы әлем назарын аударды. Балқаштық Ақбақай халықаралық медальге ие болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Төрт күнге созылған этнофестиваль әлемнің жиырмадан астам елінен келген спортшылар мен мәдениет жанашырларын біріктірді. Бұл дода ұлттардың салт-дәстүрі мен мәдениетін тоғыстыратын ауқымды іс-шара ретінде маңызды. Фестивальде жүйрік тазы жүгірткен итбегілермен қатар, бүркітшілер құс салып, көшпелілер мәдениетінің қыр-сырын көрсетті.

Мәдени көште көпшіліктің көзайымына айналған Балқаш қаласының тұрғыны Ағыбай Жасанбековтің Ақбақай атты тазысы болды. Екі жасар Ақбақай жүйріктігі, тұрпаты мен сымбатымен шетелдік қонақтарды сүйсіндіріп, фестивальдың арнайы медалімен марапатталды. Бүкіләлемдік этноспорт федерациясының өкілдері де құмай тазыға ерекше қызығушылық танытты. Ақбақайдың иесі Ағыбай Түркияға бара алмай, тазысын досы Айбат Тілеуовке аманаттап жіберген.

– Біздің қазақ тазылары алыс-жақын шетелдерде мойындалып жүр. Досымның айтуынша, Ақбақайдың тектілігіне тәнті болған шетелдіктер оны қомақты қаржыға сатып алуға ұсыныс жасаған. Соған қарағанда тазым фестивальдың жаңалығы болған секілді, – дейді Ағыбай Жасанбеков.

Ағыбайдың тазы мен төбет өсіріп келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Ол Ақбақайды Маңғыстау облысынан бір айлық күшік кезінде алдыртқан. Тазы қоян мен түлкі қуып, аңшылықтың қыр-сырын меңгерген, сондай-ақ аудандық «шырға тарту» жарыстарына қатысып шыңдалған. Жылдамдығы, төзімділігі мен ақылдылығы таңғалдырады.

«Жүйрік тазымның тұқымын көбейтуді жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта халықаралық көрмелер мен байқауларға қатысып, тазымызды әлемге танытқымыз келеді. Сол арқылы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті оятсақ дейміз», – дейді иесі.

Қазір Ағыбай тазыларын Балқаш әуежайының маңындағы шағын аумақта жаттықтырады. Алайда бұл жер тарлық етіп келеді. Саятшының арманы – Балқаш қаласында қазақы ит тұқымдарын сақтап, дамытатын жеке питомник ашу.

Ұқсас жазбалар

Жыл басынан бері Қазақстанның мемлекеттік театрларына 600 мыңнан астам көрермен келді

Қазақстанда 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның 59-ы мемлекеттік. Жыл басынан бері мемлекеттік театрларға 600…

Театрларға көрермен ағыны артып, жыл басынан бері 600 мыңнан астам адам барды

Қазақстанда театрларға көрермен ағыны артып, жыл басынан бері 600 мыңнан астам адам барды. 2025 жылы…

Нысана көздеу мен стенд атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының тізімі белгілі

Германияның Зуль қаласында нысана көздеу мен стенд атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасынан…