Алматыда әскерге шақырылатын азаматтар үшін жаңа қалалық жинау пункті ашылды

Алматыда әскерге шақырылатын азаматтар үшін жаңа қалалық жинау пункті ашылды,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, әкімдік пен қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері қатысты.

Жаңа командаларды қалыптастыру пункті азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізуге арналған. Бұл маңызды оқиға алдағы бір жыл Ұлттық ұлан құрамында қызмет ететін 45 жас сарбаздың Ақтау қаласына аттануымен тұспа-тұс келді.

Бас штаб бастығы генерал-лейтенант С. Қамалетдинов қатысушыларды маңызды оқиғамен құттықтап, жастардың Отанына қызмет ету жолының дәл осы жинау пунктінен басталатынын атап өтті.

– Жаңа инфрақұрылымдық жобаны іске қосу барлық шақыру рәсімдерін ашық, түсінікті және ең бастысы – азаматтарға ыңғайлы етуге бағытталған. Мұнда шақырылатын азаматтарға толық ақпарат алу, тиісті рәсімдерден өту үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жаңа нысан қоғам мен армия, мемлекет пен жастар, бүгін мен болашақ арасындағы маңызды байланыс буынына айналады деп сенемін, – деді Бас штаб бастығы.

Жинау пункті сапалы, әрі ашық жұмыс істеу үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда медициналық тексеру кабинеттері, психологиялық іріктеу бөлмелері, күту және ақпараттандыру аймақтары, акт залы, спорт залы мен асхана бар. Барлығы шақырылатын азаматтар мен қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жаңа жинау пунктінің ашылуы мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттырып, азаматтардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды әскери бөлімдерге жіберу процесін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастыру және қызмет көрсету деңгейі бойынша үлгі болатын бұл пункт армияны толықтыру жүйесінің маңызды элементіне айналмақ.

Ұқсас жазбалар

Көктемгі әскерге шақыру: 21 мың жас сапқа тұрды

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштері 21 мыңнан астам азаматпен толықты. Жастарға арналған…

4 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі

4 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың көп жерінде…

Премьер-министр «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асу барысын қарады

Премьер-министр Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асу барысын қарады. Жиында экологиялық іс-шаралар мен қалдықтарды…