Categories Спорт

Әлем чемпионаты: плей-оффтың екінші күнінде үш ойын өтеді

Сурет: sportilinet.kz

Әлем чемпионатында 1/16 финалдың екінші күні үш кездесу өтеді. Норвегия – Кот-д’Ивуар, Франция – Швеция және Мексика – Эквадор құрамалары келесі кезеңге жолдама үшін бақ сынайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сағат 22:00-де Эрлинг Холанд бастаған Норвегия құрамасы Кот-д’Ивуармен кездеседі. Норвегиялықтар топтық кезеңде Иракты 4:1, Сенегалды 3:2 есебімен жеңіп, мерзімінен бұрын плей-оффқа шықты. Соңғы турда қосалқы құраммен ойнап, Франциядан 4:1 есебімен жеңілді.

Кот-д’Ивуар тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Африкалықтар Эквадорды (1:0) және Кюрасаоны (2:0) жеңіп, Германияға 2:1 есебімен есе жіберді. Жұп жеңімпазы 1/8 финалда Жапонияны жарыстан шығарған Бразилиямен кездеседі.

1 шілдеге қараған түні сағат 02:00-де топтық кезеңдегі үш матчтың барлығында жеңіске жеткен Франция құрамасы Швециямен ойнайды. Дидье Дешам шәкірттері Сенегалды (3:1), Иракты (3:0) және Норвегияны (4:1) ұтып, өз тобында бірінші орын алды. Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе төрт голмен турнирдің үздік сұрмергендері қатарында болса, Усман Дембеле де соңғы ойындарда төрт гол соғып, әріптесінің көрсеткішіне жетті.

Швеция топта Нидерландтан жеңіліп (1:5), Тунисті (5:1) жеңіп, Жапониямен (1:1) тең ойнады. Осылайша Швеция плей-оффқа үшінші орынмен шықты. Бұл кездесудің жеңімпазы 1/8 финалда Германияны пенальти сериясында сенсациялық түрде жеңген Парагвай құрамасымен кездеседі.

Сағат 06:00-де турнир қожайындарының бірі Мексика Эквадормен кездеседі. Хавьер Агирре баптайтын команда топтық кезеңде Оңтүстік Африканы (2:0), Кореяны (1:0) және Чехияны (3:0) жеңіп, тоғыз ұпаймен плей-оффқа өтті. Мексикалықтар топтық кезеңде бірде-бір гол жіберген жоқ. Эквадор болса соңғы турда Германияны 2:1 есебімен жеңіп, күтпеген жерден плей-оффқа жолдама алған. Бұл матчтың жеңімпазы келесі кезеңде Англия мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы кездесуде жеңіске жеткен құрамамен кездеседі.

Әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz ресми сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн форматта қолжетімді.

Ұқсас жазбалар

Әлем чемпионаты: Норвегия мен Бразилия, Мексика мен Англия 1/8 финалда кездеседі

Бүгін, 5 шілдеден 6 шілдеге қараған түні футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі 1/8 финал ойындары…

Әлем чемпионаты: Винисиус пен Холанд бір алаңда бақ сынаса, Мексика мен Англия мықтыны анықтайды

Бүгін түні футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Бразилия, Норвегия, Мексика және Англия құрамалары күш сынасады.

Франция мен Марокко әлем чемпионатының ширек финалына шықты

Әлем чемпионатының ширек финалына шыққан алғашқы жұп белгілі болды. 1/8 финалдық кездесулердің нәтижесінде Франция мен…