Categories Ақорда

Инновациялық саясаттың жаңа басымдықтары айқындалды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің (Инновациялық штаб) алғашқы отырысын өткізді. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Инновациялық штаб Премьер-министрдің тапсырмасымен құрылған. Оның басты міндеті – инновациялық қызметте ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету және елдің технологиялық басымдықтарын анықтау.

Отырыста инновацияларды дамытудың тұжырымдамалық мәселелері қаралды. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру, өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту және кадрлық әлеуетті күшейту шаралары талқыланды.

Нәтижесінде басқарылатын инновациялық жүйе қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл инновациялық белсенділікті арттыруға, Жаһандық инновациялар индексіндегі орнын нығайтуға, жаңа салаларды дамытуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа модельдің негізгі идеологиясы – «Инновацияны ғылым арқылы дамыту» тәсілінен «Ғылымды инновация арқылы дамыту» қағидатына көшу. Бұл дайын озық технологияларды игеріп, ел жағдайына бейімдеу және отандық ғылымды дамытуды білдіреді. Мемлекет үдеріске емес, нақты нәтижеге қаржы бағыттайды.

Жиын қорытындысында Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының негізгі тәсілдері мақұлданды. Мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және бизнес-сектор өкілдеріне құжат жобасына нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сондай-ақ барлық өңірде ғылыми-технологиялық сессиялар өткізу кестесін бекіту тапсырылды. Бұл сессиялар бизнестің нақты технологиялық сұраныстарын анықтауға бағытталған.

Ұқсас жазбалар

Елордадағы Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілгенін хабарлады.

Алматы облысында су қоймалары мен Үлкен Алматы каналы жаңғыртылады

Алматы облысында ірі су қоймаларын жаңғырту және Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын кешенді қайта…

«Таза Қазақстан»: Экологиялық талапты бұзған 102 әкім жауапкершілікке тартылды

Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел қызмет қорытындысы…