Сурет: Egemen Qazaqstan
Иран билігі Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын реттеуге бағытталған жаңа заң жобасын дайындады. Тегеран бұл бастаманы елдің мұнай саласын ұлттық меншікке алу туралы тарихи шешіммен тең маңызы бар ұзақ мерзімді жоба деп бағалап отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибрагим Азизидің айтуынша, құжат Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазы аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өңірді дамытуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Ол әзірленген заң жобасы жан-жақты пысықталған және стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Азизи бұл бастаманың ұзақ мерзімді әсері Иранның мұнай өнеркәсібін ұлттық бақылауға алған тарихи реформасымен пара-пар екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол Иран барлық шешімдерін ұлттық мүддеге сүйене отырып қабылдайтынын және өңірде ұтымды саясат ұстанатынын мәлімдеді.
Ормұз бұғазы әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газды тасымалдаудағы ең маңызды теңіз дәліздерінің бірі болып саналады. Бұл бағыт арқылы Парсы шығанағы елдерінің энергетикалық ресурстарының едәуір бөлігі экспортталады. Сондықтан бұғаздағы кеме қатынасына қатысты кез келген өзгеріс әлемдік энергетикалық нарықтар мен инвесторлардың ерекше назарын аударады.

