Өлген адамдар атынан ем көрсеткендер: Тоқаевқа елдегі ірі қаржылық алаяқтықтар туралы баяндалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Кездесуде агенттіктің атқарған жұмыстарының қорытындысы мен еліміздегі ірі қаржылық қылмыстарды әшкерелеу нәтижелері баяндалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Жанат Элимановтың айтуынша, тергеуі аяқталған 1135 қылмыстық іс бойынша жәбірленушілерге 141,5 миллиард теңге көлеміндегі шығын өтелген. Сонымен қатар 128 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 15 қылмыстық топ пен 29 арнайы алаңның жолы кесілді.

Есірткі саудасы мен алаяқтықтан түскен кірісті заңдастырған 22 жасырын крипто-айырбастау пунктінің қызметі тоқтатылды. Бұдан бөлек, есірткі табысын жылыстатуға қатысы бар 1,1 мыңнан астам заңсыз онлайн-криптовалюта айырбастау сервисі мен 20 мың дроп-карта бұғатталған.

Агенттік онлайн-казинолардың заңсыз жұмысын да әшкереледі. Төлем қызметтерін ұсынатын 35 ұйым арқылы 2,1 триллион теңгенің заңсыз айналымда болғаны анықталды.

Есептегі ең сорақы деректердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі жымқыруға қатысты болды. Агенттік қызметкерлері қайтыс болған адамдарға жалған медициналық көмек көрсетіп, көрсетілген қызметтер санын қолдан көбейту арқылы мемлекетке 26 миллиард теңге шығын келтіргендерді анықтаған.

Бұдан бөлек, 53 инфрақұрылымдық жоба бойынша 264,2 миллиард теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды. Сондай-ақ тауар биржасы басшылығының 2 миллиард теңге заңсыз сыйақы алу схемасы әшкереленіп, көмір бағасының жасанды өсуіне жол берілмеді.

Агенттік қызметкерлері 102 мың тонна бензинді контрабандалық жолмен шетелге шығару әрекетінің алдын алып, елдегі жанар-жағармай тапшылығына жол бермеген. Сондай-ақ барлау жұмыстарын жүргізбей, 437 жер қойнауын пайдаланушыға 625 жер телімін беру фактілері тіркелген.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы өмірден озды

Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 84 жасында өмірден озды. Ол ҚМДБ негізін қалаушылардың бірі…

Шымкенттегі мектептерге шабуыл: Полиция қауіпті ақпаратқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасады

Шымкентте мессенджерлер арқылы мектептерге шабуыл жасалады деген жалған ақпарат тарады. Полиция қауіпсіздік шараларын күшейтіп, халықты…

АҚШ Мадуроны ұстау операциясында адам төзгісіз дыбыстық қару қолданған – New York Post

New York Post басылымының хабарлауынша, АҚШ арнайы жасағы Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстау кезінде белгісіз…