«Ауыл құтқарушысы»: БҚО-да 16 өрт сөндіру бекеті салынады

Аймақ басшысының орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 2025–2026 жылдардағы қысқы кезеңнің қорытындылары, өрт қауіпсіздігі шаралары, суға шомылу маусымына дайындық және «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Қысқы кезеңде өңірде қолайсыз ауа райына байланысты 52 рет жол жабылып, 28 рет қозғалысқа шектеу енгізілді. Мамандар 42 мәрте апаттық-құтқару жұмыстарына шығып, 41 адамды құтқарып, 92 адамды эвакуациялады.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайы да назарға алынды. Былтыр 23 жану дерегі тіркелсе, жыл басталғалы 2 факт анықталып, оқшауланған. Облыстағы 410 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін 26 мемлекеттік бөлімше қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар 46 өрт сөндіру бекеті 161 елді мекенді қорғауға мүмкіндік береді. 2025 жылы «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында 8 бекет ашылды. Биыл тағы 16 жаңа нысан салу жоспарланған.

Шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздікті күшейту мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Осы мақсатта су айдындарының қауіпті учаскелеріне 387 тыйым салу белгісі мен 81 ақпараттық стенд орнатылып, 7 бағыт бойынша күнделікті патрульдеу ұйымдастырылған.

Облыс әкімінің орынбасары алдағы шомылу маусымын қауіпсіз ұйымдастыру, сақтық шаралары бойынша ақпараттық-түсінік жұмыстарын күшейту қажеттігін қаперге салып, нақты міндеттер жүктеді.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жазбалар

Астана күнінде 60 қосымша автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді

6 шілде күні Астанада өтетін Open Air концертінен кейін тұрғындар мен қала қонақтары үшін 60…

Алматының бірнеше ауданында электр жарығы апатты жағдайда өшірілді

Алматының бірнеше ауданында электр энергиясы апатты жағдайда өшірілді. «Алатау жарық компаниясы» мәліметінше, алғашқы өшіру сағат…

Аптап ыстықта көлікті өрттен қалай қорғауға болады?

Астанадағы Орхон көшесінде жеңіл көлік өртеніп, оқиға видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары…