Categories Саясат

Үкіметте Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті  

Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің (Инновациялық штаб) алғашқы отырысы өтті. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

Инновациялық штаб Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша құрылды. Оның негізгі міндеті – инновациялық қызмет саласындағы ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету және елдің технологиялық басымдықтарын айқындау.

Отырыста Қазақстан Республикасында инновацияларды дамытудың тұжырымдамалық мәселелері қаралды. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру, өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту және кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған шаралар талқыланды.

Бұл жұмыс нәтижесінде инновациялық белсенділікті арттыруға, Қазақстанның Жаһандық инновациялар индексіндегі орнын нығайтуға, жаңа салаларды дамытуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретін басқарылатын инновациялық жүйе қалыптастыру көзделіп отыр.

Жаңа модельдің негізгі идеологиялық өзегі – «Инновацияны ғылым арқылы дамыту» тәсілінен «Ғылымды инновация арқылы дамыту» қағидатына көшу. Оның мәні – дайын озық технологияларды игеріп, ел жағдайына бейімдеу және осы негізде отандық ғылымды дамыту. Яғни мемлекет процестің өзіне емес, нақты нәтижеге қаржы бағыттайды.

Жиын қорытындысы бойынша Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының негізгі тәсілдері мақұлданып, мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге және бизнес-сектор өкілдеріне құжат жобасына нақты ұсыныстар енгізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар барлық өңірде мүдделі тараптардың қатысуымен ғылыми-технологиялық сессиялар өткізу кестесін бекіту тапсырылды. Бұл сессиялар бизнестің нақты технологиялық сұраныстарын айқындауға бағытталмақ.

Ұқсас жазбалар

«Ақ жол» партиясы құрылтайға 63 үміткердің тізімін бекітті

«Ақ жол» демократиялық партиясы кезектен тыс съезінде құрылтайға 63 үміткердің тізімін бекітіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

«Ақ жол» съезінде кейбір партиялардың масылдықты саяси бағдарламаға айналдыруы сыналды

Астанада өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының съезінде партияның саяси бағдарламасындағы негізгі бағыттар талқыланды.

Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы: ашықтық пен жауапкершілік

Қазақстан жаңа саяси кезеңге аяқ басты. Биыл 23 тамызда ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының…