Тұрғын үй маңына көлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат жалған болып шықты

Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда тұрғын үйлердің жанына автокөлік қоюға тыйым салынады деген хабар тарады. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің «Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында тұрғын үйлердің маңына көлік қоюға қатысты жаңа шектеу қарастырылмаған. Өзгерістер тек нақтылау мақсатында енгізілген.

Ведомствоның түсіндіруінше, қағидалардың 32-тармағында жеке тұрғын үйлерге іргелес аумақта сақтауға тыйым салынатын жылжымалы мүліктің тізбесі нақтыланған. Бұрын «өзге де жылжымалы заттар» деген жалпылама тұжырым болса, енді оған автокөліктер, тіркемелер мен арбалар да кіретіні айқындалған.

Министрлік бұл автокөлікті пайдалануға немесе белгіленген орындарға қоюға тыйым емес, ортақ пайдаланылатын іргелес аумақта мүлікті ұзақ уақыт жинап, үйіп қоюға жол бермеу екенін атап өтті. Қағидалар жол қозғалысын ұйымдастыру, автотұрақтар мен тұрақ орындарын реттеу мәселелерін қамтымайды. Сондықтан көлік қоюға жаңа шектеу енгізіледі деген тұжырымдар құжат мазмұнына сәйкес келмейді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және нормативтік актілерге қатысты жалған түсіндірмелерді таратпауға шақырады.

Ұқсас жазбалар

Көктемгі әскерге шақыру: 21 мың жас сапқа тұрды

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштері 21 мыңнан астам азаматпен толықты. Жастарға арналған…

4 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі

4 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың көп жерінде…

Премьер-министр «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асу барысын қарады

Премьер-министр Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асу барысын қарады. Жиында экологиялық іс-шаралар мен қалдықтарды…