Астанадағы EXPO алаңында 2000-ға жуық оқушы бір мезетте домбыра ұстап, күй шертті. «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты бұл флешмоб көрерменнің көңілінен шығып, әлеуметтік желіде қызу талқыға ілікті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шараға қала мектептерінің оқушылары қатысып, ұлттық аспапта шебер ойнады. Олардың қатарында кәсіби деңгейде күй тартатын балалар да болды.
«Біздің мақсат – жастардың бірлігін көрсету. Домбыра – ұлттық рухымыздың символы. Осындай іс-шаралар арқылы балалар өз өнерін көпшілікке паш етті», – деді ұйымдастырушылардың бірі.
Флешмобқа қатысушылар бірнеше күй орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Оқиға желіде жылдам тарап, көпшіліктен оң пікір жинады.
Бұл – елордадағы ең ірі музыкалық флешмобтардың бірі. Алдағы уақытта мұндай шаралардың жалғасын табуы мүмкін.

