Батыс Қазақстан облысындағы референдумда ерекше жағдай болды: бүкіл бір көкпар командасы сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы спорттық киіммен келіп, таңдауын жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға Өлеңті ауылындағы №293 референдум учаскесінде тіркелді. «Сырым батыр» көкпар командасының жігіттері азаматтық борышын өтеуге бірдей формамен келіп, саяси науқанға ұлттық рух қосты. Ат үстінде шыныққан спортшылардың бұл әрекеті ауыл тұрғындарының назарын бірден аударды.
Команда капитаны Төлеби Қайыржановтың айтуынша, бұл қадамның астарында үлкен мән жатыр. Олар азаматтық белсенділік танытумен қатар, ұлттық спортқа қоғам назарын аударуды мақсат еткен.
«Ұлттық спорт соңғы жылдары кенжелеп бара жатқандай көрінеді. Біз соған алаңдаймыз. Сондықтан бүгінгі референдумға осылай келуді жөн көрдік. Бұл – бір жағынан азаматтық міндетімізді орындау болса, екінші жағынан ұлттық спортқа ел назарын аудартудың бір жолы», – дейді команда капитаны.
Төлеби Қайыржанов жылқының қазақ үшін маңызы зор екенін, ал атқа мінген баланың қайсар болып өсетінін атап өтті. Ол осы уақытқа дейін талай жасты көкпарға баулып, нағыз азамат болып қалыптасуына ықпал еткенін айтады.
«Әр қазақтың ұлы атқа міну керек. Атқа мінген бала қайсар болып өседі, жігері шыңдалады. Жылқы – қазақтың жаны. Жігіттің иісі – жылқының иісі. Сондықтан ұл тәрбиесінде ат спортының орны ерекше», – деді ол.
«Сырым батыр» командасының бұл қадамына ауылдастары да риза болып, спортшылармен естелік суретке түсіп, ұлттық спорт жайлы әңгіме-дүкен құрды.
Фото: Бауыржан Ширмединұлы, «Сырым елі»

