Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Иран Ислам Республикасының төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандықтарға шұғыл үндеу жасап, ел аумағынан кетуге кеңес берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ведомство азаматтарға ахуал тұрақталғанға дейін Иранға сапарлаудан уақытша бас тартуды ұсынды. Бұл ескерту Таяу Шығыстағы қауіпсіздікке қатысты жалпы алаңдаушылықтан туындап отыр.
«Иран Ислам Республикасының төңірегіндегі шиеленістің сақталуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына жағдай тұрақталғанға дейін Иранға барудан уақытша бас тартуға кеңес береді. Қазіргі уақытта Иранда жүрген Қазақстан азаматтарына елден кетуді, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қырағылық пен сақтық танытуды, жаңалықтарды қадағалап, жергілікті биліктің ұсынымдарын қатаң сақтауды ұсынамыз», – делінген СІМ хабарламасында.
Министрлік сонымен қатар қазақстандықтарды Таяу Шығыс елдеріне сапар жоспарлағанда ахуалдың кез келген уақытта күрт ушығып кетуі мүмкін екенін ескеруге шақырды.
Дегенмен, Қазақстанның Ирандағы дипломатиялық мекемелері штаттық режимде жұмыс істеп жатқаны хабарланды.
Фото: Әлеуметтік желіден

