Categories Қаржы

Қаржы министрі: Мемлекеттік қарыз деңгейі экономикаға қауіп төндірмейді

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанның мемлекеттік қарызы өткен жылы 4,8 трлн теңгеге артып, 36,4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Стамбеков мемлекет халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған қатаң саясат жүргізіп отырғанымен, үкіметтік қарыз көлемі өсіп жатқанын атап өтті. Депутат егер азаматтардан қаржылық тәртіп қалай талап етілсе, дәл осындай тәртіп мемлекеттік деңгейде де сақталуы тиістігін айтты.

Қаржылық тәртіптің барлық деңгейде маңызды екендігін атап өткен министр Мәди Такиев еліміздің мемлекеттік қарызы қауіпсіз деңгейде екендігін жеткізді. Сонымен бірге ол мемлекеттік қарыз көлемі мен оның қызмет көрсету шығындарын бөлек қарастыру керектігін айтты.

«Мұнда екі мәселені бөлек қарастыру қажет. Біріншісі – мемлекеттік қарыз деңгейі, екіншісі – қарызға қызмет көрсету құны. 1 қаңтардағы жағдай бойынша ол ІЖӨ-ге шаққанда 22,8% немесе 36,4 трлн теңгені құрап, қауіпсіз шектерде тұр. Бұл тұрғыда 32% ІЖӨ көлеміндегі белгіленген ковенанттан аспау маңызды көрсеткіш болып қала береді. Сондықтан басты назар тек қарыз көлеміне емес, оның қалай және қандай шарттармен өтеліп жатқанына да аударылуға тиіс», деді министр.

Сондай-ақ ол қарызды қайта қаржыландыру тәжірибесі халықаралық деңгейде кең таралғанын айтып, Қазақстанның да халықаралық нарықтарда тиімді шарттармен қаражат тартқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, Мәди Тәкиев 2025 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздің ІЖӨ өсімі 6,5%-ды құрағанын айтты. Оның айтуынша өсімге көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі мен сауда салалары негіз болған.

Ұқсас жазбалар

Қазақстан халықаралық банктерден 470 миллиард теңгеден астам қарыз алады

Парламент Мәжілісі республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялады.

Елімізде бес айда 3 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды

2026 жылдың бес айында Қазақстанда 3 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылықтың жолы кесілді.

Депутаттар электронды сауда салығын жеңілдетуді ұсынды

Қазақстандағы электронды сауда нарығы 3,2 триллион теңгеге жетті. Депутаттар салықты жеңілдетуді, экспорттағы кедергілерді жоюды және…