Оралдағы әлеуметтік нысандардың құрылысы жоспардан кешігіп жатыр. Бұл туралы БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Серікқалиевтің айтуынша, биыл 5 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысы басталуы тиіс еді. Алайда мердігерлердің кешігуіне байланысты жұмыс әлі де жүргізілмеген.
«Біз мердігер компаниялармен келісімшарт жасастық, бірақ олар материал жеткізуде қиындықтар туындағанын айтады. Қазір мәселені шешу үшін басқа жабдықтаушыларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Серікқалиев.
Алдағы уақытта әкімдік құрылыс қарқынын бақылауды күшейтпек. Егер мердігерлер міндеттемелерін орындамаса, оларға қатаң шаралар қолданылады.

