Categories Қаржы

ҰБТ: талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинады

Сурет: Ашық дереккөз

2026 жылғы 10 мамырда басталған негізгі ҰБТ жалғасып жатыр. Қазірге дейін тестілеу 187 мыңға жуық рет тапсырылған. Қатысушылардың 73 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 27 пайызы орыс тілінде, ал 323 талапкер ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Төрт аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш – 64 балл. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оған Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир ие болды.

Ұлттық тестілеу орталығы ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қолайлы жағдай жасауға басымдық беріп келеді. Биылғы тестілеуге осындай санаттағы 556 талапкер қатысты.

Тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерлерге тапсырмалардың мазмұнына қатысты 30 минут ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған. Ал техникалық ақауларға байланысты шағымдар тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляциялық өтініштер толық қаралған соң талапкерлердің жеке кабинеттеріне жіберіледі.

Төрт апта ішінде ҰБТ ережелерін бұзудың 391 дерегі тіркелді. Оның ішінде 246 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 145 адам тестілеу кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Биыл өзге адамның орнына тест тапсыру фактілері анықталған жоқ.

ҰБТ аяқталғаннан кейін биылғы жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға қосымша талдау жүргізіледі. Егер бейнебақылау барысында тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ереже бұзушылықтар анықталса, талапкерлердің нәтижелері күшін жояды.

Биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін екі мүмкіндік ескеріліп, шамамен 240 мың талапкерден 446 мыңнан астам өтініш қабылданған.

Ұқсас жазбалар

Brent маркалы мұнай бағасы 0,7%-ға өсіп, барреліне 72 доллардан асты

Brent маркалы мұнай бағасы 0,7%-ға өсіп, барреліне 72 доллардан жоғары саудаланып жатыр. Әлемдік мұнай нарығында…

ҚПЛ: «Жеңіс» пен «Астана» тең тарқасты

ҚПЛ XV турында «Жеңіс» пен «Астана» 2:2 есебімен тең түсті. Голдарды Томасов, Мартинс, Хасейн және…

Қазақстанда 339 млрд цифрлық теңге айналымға шығарылды

Қазақстанда 339 млрд цифрлық теңге айналымға шығарылды. Цифрлық теңге мемлекеттік сатып алуларда, инвестициялық жобаларда, субсидиялау…