Categories Әлем

Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында 29 содыр жойылды

Сурет: Anadolu

Пәкістанның қауіпсіздік күштері 28 маусымда Ауғанстанмен шекаралас Хайбер-Пахтунхва провинциясында құрлықтағы арнайы операция өткізіп, 29 содырды жойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Пәкістанның ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрі Аттаулла Тарар мәлімдеді. Ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Қауіпсіздік күштері Пәкістан–Ауғанстан шекарасы бойында барлау мәліметтері негізінде мұқият жоспарланған құрлықтағы операция жүргізді. Одан кейін шекара маңындағы «Джамаат-уль-Ахрар» және «Фитна әл-Хаваридж» топтарының жасырын базалары мен лагерьлеріне дәлме-дәл соққылар жасалып, нәтижесінде 29 содырдың көзі жойылды», — деп жазды.

Операция барысында аталған топтардың үш нысанасына шабуыл жасалып, қару-жарақ пен оқ-дәрі қоймалары жойылды. Министр Пәкістанның терроризмге қарсы операциялары ел қауіпсіздігіне сырттан төнетін әрі шетелден қолдау көретін кез келген қатерді жою мақсатында толық қарқынмен жалғасатынын атап өтті.

Ислам республикасы Қарулы күштерінің қоғаммен байланыс жөніндегі ведомствоаралық басқармасының мәліметінше, қауіпсіздік күштері былтыр 2 597 содырды жойған. Осы кезеңде Пәкістан аумағында 5 397 террористік шабуыл тіркеліп, салдарынан 1 235 адам қаза тапты. Лаңкестік әрекеттердің 70 пайыздан астамы Хайбер-Пахтунхва провинциясында, ал шамамен 29 пайызы елдің оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында болған. Екі өңірдің де Ауғанстанмен ұзақ шекарасы бар. Пәкістан билігінің мәліметінше, дәл осы ел аумағында террористік топтардың лагерьлері орналасқан.

Ұқсас жазбалар

Ганадағы су тасқынынан 12 адам қаза тапты

Ганадағы су тасқынынан 12 адам қаза тауып, жеті адам хабарсыз кетті. Тасқын Аккра мен бірнеше…

Италиядағы Гарда көлі аптап ыстықтан миллиардтаған литр су жоғалтты

Италиядағы Гарда көлінде су деңгейі күрт төмендеп, тәулігіне 7,4 миллиард литр су жоғалтуда. Аптап ыстық…

Ресей билігі жанармай бағасы туралы деректерді жариялауды тоқтатты

Ресей үкіметінің статистика қызметі автокөлік жанармайының тұтынушылық бағасына қатысты мәліметтерді ресми есептерден алып тастау туралы…