Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстанда алаяқтар WhatsApp арқылы алдаудың жаңа тәсілін қолданып жүр. Олар «WhatsApp қауіпсіздік орталығы» немесе «тексеру қызметі» атынан хабарлама жіберіп, аккаунтқа қауіп төнгенін және оның бұғатталуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Пайдаланушыларға «тексеруден өту» ұсынылып, START немесе VERIFY батырмасын басу сұралады. Полицияның мәліметінше, мұндай хабарламалар белгісіз нөмірлерден келеді. WhatsApp ресми түрде жеке чаттар арқылы мұндай хабарламалар жібермейді және тек өзінің ресми арналарын пайдаланады.
Алаяқтардың мақсаты – пайдаланушылардың аккаунттарына қол жеткізу, растау кодтары мен жеке деректерін ұрлап, оларды кейін қылмыстық әрекеттерде пайдалану. Мамандар күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз батырмаларды баспауға және ешкімге растау кодтарын бермеуге кеңес береді. Мұндай хабарламаларды елемей, жіберушіні бұғаттап, хатты өшіріп тастаған жөн.

