Categories Ақорда

Жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі өкілеттіктері талқыланды

  1. Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтті.

Жиында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен келіп түскен ұсыныстар жөніндегі аралық ақпаратпен бөлісті. Былтыр қазан айынан бері e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы халық арасынан, сарапшылар қауымдастығынан және қоғамдық бірлестіктерден 600-ге жуық ұсыныс жинақталған. Атап айтқанда, «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттық қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстандық татарлар мен башқұрттар конгресі, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын білдірді. Бұған қоса құқықтанушы ғалымдар сарапшылық ұсынымдарын жолдап, белсенділік танытуда.

Сонымен қатар Парламентаризм институтының директоры азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерден парламенттік реформадан бөлек, конституциялық реформаға қатысты да бастамалар түсіп жатқанын жеткізді.

Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің Үкіметті, Конституциялық Сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын және басқа да мемлекеттік органдарды жасақтауға қатысуын реттейтін конституциялық рәсімдердің жалпы тәсілдері туралы айтты. Бұл тәсілдер Жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

Жұмыс тобының мүшелері қатарынан Марат Шибұтов, Азат Перуашев, Елнұр Бейсенбаев, Серік Егізбаев, Магеррам Магеррамов, Айдарбек Қожаназаров, Марат Башимов, Нұрлан Бекназаров, Индира Әубәкірова, Үнзила Шапақ, Алуа Ибраева, Бөріхан Нұрмұхамедов, Лейла Жақаева, Виктор Малиновский, Ерлан Сәрсембаев, Айдос Сарым, Қарлығаш Жаманқұлова өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын соңында Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин конституциялық реформа бойынша түпкілікті тәсілдерді әзірлеу үшін келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Ұқсас жазбалар

Иран Қазақстанға Шахид Раджаи портынан жер телімін бөледі

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Иранның Жолдар және қала құрылысы министрі Фарзане Садек бастаған делегациямен кездесті.

Euronews арнасы қазақ тілінде жаңалық тарата бастады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдап, ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Үкімет газ саласын дамыту мәселесін қарастырады

Бүгін Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі талқыланады. Отырыстан кейін баспасөз мәслихаты өтеді.