Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов Алматыда өткен IBA Nomad 14 турнирінде қырғызстандық қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Алматыдағы жарыстың негізгі кардында Жұмағұлов Қырғызстаннан келген 26 жастағы спортшы Қайрат Нұрбайұлымен кездесті. Аса жеңіл салмақта өткен жекпе-жек бірінші раундта қазақстандық спортшының айқын басымдығымен аяқталды.
Бұл – Жұмағұловтың Nomad ережесі бойынша өткізген алғашқы жекпе-жегі. Бұл формат бокс пен ММА элементтерін біріктіреді: спортшылар ММА қолғабымен жұдырықтасады, сондай-ақ қысқа уақытқа клинч пен қармау әдістерін қолдануға рұқсат етіледі.
Енді Жалғас Жұмағұлов келесі айқасын 6 маусымда Словакияның Братислава қаласында өткізеді. Ол еуропалық Oktagon лигасы аясында аса жеңіл салмақтағы титул иегері, бразилиялық Севериньомен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жектің жеңімпазы қос чемпион атанады.
Фото: Әлеуметтік желіден

