Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық ғалымдарға 6 сағат бойы ұшып, 15 келіге дейін жүк көтере алатын заманауи дрон жасауға тапсырма берді. Бұл жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 400 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Министрлікке қарасты Ғылым комитетінің хабарлауынша, жоба толығымен Қазақстанда жүзеге асырылуы тиіс. Бұл бастама аясында отандық ғалымдар мен инженерлер ұшқышсыз ұшу аппаратын жобалаудан бастап, оның алғашқы үлгісін (прототип) құрастырып, толық сынақтан өткізуге дейінгі барлық кезеңді өздері атқарады.
Жаңа дронға қойылатын негізгі техникалық талаптар да белгілі: аппарат кемінде 6 сағат әуеде қалықтап, 12-15 келі аралығындағы жүкті тасымалдай алуы қажет.
Жобаны қаржыландыру үш жылға жоспарланған:
2026 жылы – 116 миллион теңге;
2027 жылы – 168 миллион теңге;
2028 жылы – 116 миллион теңге.
Осылайша, үш жыл ішінде жобаның жалпы құны шамамен 400 миллион теңгені құрайды.
Фото: Әлеуметтік желіден

