Categories Жайық news

Доллар 535 теңгеге жетуі мүмкін: Сарапшы девальвация қаупі туралы айтты

Еуразиялық даму банкі 2026 жылы доллардың орташа бағамы 535 теңге болады деп болжағаннан кейін, елде девальвация қаупі туралы талқылаулар қайта жанданды. Алайда Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жанәлина теңгенің күрт құлдырауына негіз жоқ деп санайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, алдағы екі жылда доллар бағамы 505-535 теңге аралығында болады.

«Қазір теңгенің күрт құлдырауына алып келетін экономикалық алғышарттар жоқ. Бағамда ауытқулар болуы мүмкін және тәуекелдер теңгенің біртіндеп әлсіреуіне қарай ойысып тұр. Бірақ бұл валюталық шок емес, қалыпты нарықтық құбылыс ретінде қарастырылуы керек. Теңгенің әлсіреуіне не әсер етуі мүмкін? Негізгі сыртқы факторлардың бірі – Brent маркалы мұнай бағасы. Болжам бойынша, 2026 жылы Brent мұнайының орташа бағасы бір баррель үшін шамамен 62–64 доллар болады. Бұл 2025 жылғы орташа деңгейден (~68–69 доллар) төмен, сондықтан ұлттық валюта мен экспорттық кіріске қысым жасайды».

Ішкі экономикаға келетін болсақ, сарапшының пікірінше, теңгеге төнетін тәуекелдер бюджет саясатының параметрлеріне, импорт динамикасына және инфляциялық күтулерге байланысты. Ұлттық банк пен нарықтың бағалауы бойынша, 2026 жылы инфляция жоғары деңгейде – шамамен 9,5–11% шамасында сақталуы мүмкін. Бұл да валютаға қатысты болжамдар мен халықтың сатып алу қабілетіне әсер етеді.

Дегенмен, теңгеге қолдау көрсететін маңызды тетіктер де бар. Соның бірі – қатаң ақша-несие саясаты. Қазіргі 14,5% деңгейіндегі базалық мөлшерлеме теңгелік активтердің тартымдылығын арттырып, капитал ағынын ынталандырады. Алайда, инфляциялық қысымның күшеюі немесе шектеулі валюта ұсынысы кезінде ішкі сұраныстың артуы бұл оң әсердің бір бөлігін жоққа шығаруы ықтимал.

«Бірақ Қазақстанның маңызды «қауіпсіздік жастықтары» бар. Бұл – елдің алтын-валюта резервтері. Сонымен қатар, экономиканы тұрақтандыру және сыртқы соққыларға тәуелділікті азайту үшін құрылған Ұлттық қордың активтері қосымша қорғаныс қызметін атқарады», – деп толықтырды Венера Жанәлина.

Бұл факторлардың жиынтығы сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, теңге бағамының күрт, бір сәттік девальвациялар арқылы емес, нарықтық логикаға сәйкес бейімделетінін білдіреді. Сондықтан қаржыгердің болжамы бойынша, 2026 жылы негізгі сценарий – валюталық шок емес, теңгенің біртіндеп әлсіреуі.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда шенеуніктерге арналған жаңа мессенджер жасалады: Ол қандай болады?

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге арналған Alem GovWorkspace атты жаңа мессенджер жасалады. Ол қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз…

Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер 50% жеңілдіктен айырылуы мүмкін

Сенатор Марат Қожаев жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айыруды…

Астанада қалың қар жауып, бір түнде 45 жол апаты тіркелді

Астанада 5 ақпан күні кешке жауған қалың қардың салдарынан бірнеше сағат ішінде 45 жол-көлік оқиғасы…