Бурабай кентіндегі Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп директоры асханадағы тексерістен соң қызметінен босатылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ақмола облысының прокуратурасы мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді. Белгілі болғандай, тендерді ұтып алған кәсіпкер іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлерді құжатта көрсетіп, жалған мәлімет берген.
Тексеріс барысында оқушылардың тамағын мүлдем басқа, үшінші компания ұйымдастырғаны анықталды. Ол компания бұрын маскүнемдігі үшін ата-ана құқығынан айырылған адамдарды жұмысқа тартқан.
«Мектеп әкімшілігі жеткізушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тиісінше тексермей, оны мектепте тамақтандыруды ұйымдастыруға заңсыз жіберген. Осылайша, кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына ықтимал қауіп төндірген. Кәсіпкермен келісімшарт бұзылып, оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз берілді», – деп хабарлады прокуратура.
Осы жағдайдан кейін мектеп директоры лауазымынан босатылды. Ал конкурстық комиссия мүшелері мен аудандық білім бөлімінің қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Прокуратура оларға нақты қандай шара қолданылғанын нақтыламады.
Фото: Әлеуметтік желіден

