23 қаңтарда ҚР Ұлттық банкі 2026 жылғы базалық мөлшерлеме бойынша алғашқы шешімін қабылдайды. Сарапшылардың басым бөлігі инфляциялық тәуекелдерге байланысты мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталады деп болжап отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясованың айтуынша, 2026 жылы базалық мөлшерлеме бойынша сегіз шешім қабылданады. Оның төртеуі макроэкономикалық көрсеткіштердің қысқа және орта мерзімді болжамдары негізінде жасалады.
Сарапшы инфляция неғұрлым жоғары болса, базалық мөлшерлеменің де сол деңгейде сақталатынын еске салды. 2025 жылы инфляция деңгейі 12,3%-ды құрады, бұл Ұлттық банктің 5% көлеміндегі мақсатты көрсеткішінен екі еседен де жоғары.
Биыл инфляциялық күтулерге наурыздан кейін коммуналдық тарифтер бағасының қайта көтерілуі әсер етпек. Сонымен қатар, 2027 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық кеңес бекіткен Мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы шарт күшіне енетіндіктен, жанар-жағармай бағасы да біртіндеп өседі деп күтілуде.
Дегенмен, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов өткен жылдың соңында «барлық шара іске асырылып, инфляция мен инфляциялық күтулер төмендеген сайын» базалық мөлшерлемені кезең-кезеңімен төмендету туралы мәлімдеген болатын. Ұлттық банктің 2025 жылғы 28 қарашадағы баспасөз хабарламасына сәйкес, ақша-несие саясатын жұмсарту мәселесін 2026 жылдың екінші жартыжылдығынан ерте талқылау мүмкін емес.
«Менің ойымша, мөлшерлемені төмендету үшін мынадай жағдайлар орындалуы керек: инфляция мен халықтың күтулері төмендеуі тиіс; тұтынушылық несиелеу бәсеңдеуі қажет; тарифтерді көтеру процесі дұрыс жүргізіліп, 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтылық бағдарламасы іске аса бастауы керек. Осы факторларды – жоғары инфляция, алдағы тарифтер мен ЖЖМ бағасының өсуін, сондай-ақ басқа да тәуекелдерді ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтайтын болар», – дейді Әйгерім Ілиясова.
Фото: ЖИ

