2025 жылдың 6–11 қазан күндері Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Қытайға жұмыс сапарымен барды. Сапардың алғашқы күнінде өңір үшін маңызды жобаға арналған жабдықтардың ресми лентасы қиылды.
Қытайдың энергетика нарығында жетекші орын алатын Shandong Qichen New Energy Power Technology Co., Ltd. компаниясында өткен рәсімде БҚО аумағында салынып жатқан газтурбиналық электр станциясына қажетті құрылғылар таныстырылды. 2013 жылы құрылған бұл кәсіпорын газ және дизель генераторларын өндіруде алдыңғы қатарлы әрі инновациялық шағын және орта бизнес өкілдерінің бірі саналады.
Сонымен қатар делегация iKang Guobin Checkup Center емханасына барып, Қытайдағы медициналық қызмет көрсетудің заманауи тәсілдерімен танысты. Кездесу нәтижесінде аймақтың денсаулық сақтау мен туризм салаларындағы жаңа әріптестік бағыттары талқыланды.
Сапардың алғашқы нәтижелері Ақжайық өңірі үшін инвестиция тарту ісінде нақты қадамға айналып, Қытаймен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді.

