Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында денсаулық сақтау саласын цифрландыруға бағытталған ірі жоба іске қосылды. Еліміздің батыс аймағында алғаш рет жасанды интеллект технологиясын қолданатын ахуалдық орталық ашылды.
Бұл орталықта радиологиялық зерттеулер жүргізіліп, шалғайдағы дәрігерлерге телемедицина арқылы жедел кеңес беру мүмкіндігі жасалған. PACS жүйесіне негізделген жасанды интеллект платформасы зерттеу нәтижелерін жылдам жинақтап, патологиялық өзгерістерді ерте анықтауға жағдай туғызады.
Жүйенің мүмкіндіктері
– Облыс аумағындағы барлық емдеу мекемелеріндегі ахуалды онлайн бақылау;
– Компьютерлік томография, рентген, МРТ сияқты зерттеу деректерін орталыққа бірден жеткізу;
– Қорытындыларды білікті мамандардың жедел қарап, пациентке онлайн жолдау;
– Алыс аудандардағы науқастармен бейнеқоңырау арқылы тікелей байланысып, кеңес беру.
Дәрігер Әділбек Исмайловтың айтуынша, қазірдің өзінде 200-ге жуық бейнеконсультация өткізілген. «Мысалы, Шалқар ауданында науқас томографиядан өтсе, оның нәтижесін облыс орталығындағы мамандар бірден көріп, қорытындысын шығарады. Аудан орталығында рентгенолог жетіспеген жағдайда рентген лаборант түсірілімді бізге жолдайды, біз қарап, қорытындысын береміз», – деді ол.
Қаржыландыру және қамту
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, орталықты құруға 3,8 млрд теңге жұмсалған. «Бұл – қайтарымы бар инвестиция. Ең бастысы, қаржы үнемделіп, адам денсаулығы қорғалады. Президент тапсырмасына сәйкес, медицина саласын толық цифрландыруды қолға алдық», – деді әкім.
Қазіргі таңда PACS жасанды интеллект жүйесі облыс бойынша 30 медицина мекемесіне орнатылған. Консилиумдар мен зерттеулер интернеті бар кез келген жерден қолжетімді. Өңірде 118 медициналық қызмет түрі қашықтықтан көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, жаңа орталық әсіресе мамандар тапшылығы бар аудандарға үлкен көмек болмақ. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді.