Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Астанада ETS халықаралық ұйымының өкілдері Admissions Insight Test (AIT) жаңа қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған зерттеу нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шарада қолданыстағы бағалау жүйесіне талдау, әлемдік тәжірибелерді салыстырмалы зерттеу қорытындылары және жоғары оқу орындарының қажеттіліктерін зерделеу нәтижелері ұсынылды. Сондай-ақ кадрлық әлеуетке баға беріліп, бағалау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері мен AIT емтиханының құрылымына қойылатын бастапқы талаптар қарастырылды.
Жаңа емтихан тұжырымдамасы талапкерлердің академиялық құзыреттерін кешенді бағалауға бағытталған. Пәндік білім деңгейін анықтаумен қатар сыни ойлау, талдау жасау, ақпаратпен және академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу, алған білімін қажет жағдайларда қолдану қабілеттерін бағалауға басымдық беріледі, – делінген хабарламада.
Ұсынымдардың жеке бағыты тест тапсырмаларының сапасын жетілдіруге, олардың тілдік түсініктілігін қамтамасыз етуге, әртүрлі тілдердегі нәтижелердің салыстырмалылығын сақтауға және бағалау рәсімдерінің объективтілігін арттыруға арналған. Сонымен қатар тест тапсырмаларының қорын дамыту, тест нұсқаларын автоматтандырылған түрде қалыптастыру және емтихан нәтижелері бойынша аналитикалық есептілікті жетілдіру мәселелері қамтылды.
Жаңа модельді сынақтан өткізу кезеңінде қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жұмысын жалғастырады. Министрлік барлық өзгерістер зерттеу нәтижелері, пилоттық апробация қорытындылары, сарапшылардың ұсынымдары мен академиялық қауымдастықтың пікірлері негізінде кезең-кезеңімен енгізілетінін атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сай, ашықтық қағидатына негізделген және барлық талапкерлерге тең мүмкіндік беретін ұлттық білімді бағалау жүйесін жетілдіруді жалғастырады.

