Сурет: Egemen Qazaqstan
25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандум күшіне енеді. Құжат бойынша екі елдің азаматтары жүргізуші куәліктерін жеңілдетілген тәртіппен ауыстыра алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа тәртіп екі жағдайда қолданылады. Біріншіден, Қазақстан азаматтары БАӘ аумағында уақытша жүрген кезде, яғни туристік немесе қызметтік сапар барысында жарамды жүргізуші куәлігімен жеңіл автокөлік жүргізе алады. Екіншіден, егер ел азаматы БАӘ-де тұруға ықтиярхат алса, жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ жергілікті үлгіге ауыстыруға мүмкіндік беріледі.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін сол елде тұруға ықтиярхат, В немесе В1 санатындағы жүргізуші куәлігі мен оның ресми аудармасы, медициналық тексеруден өткені туралы құжат қажет. Сондай-ақ өтініш берушінің жасы 18 жастан асқан болуы тиіс.
Бұл жеңілдік тек жеңіл автокөлік жүргізушілеріне қатысты болмақ. Ал автобус пен жүк көлігін басқаруға арналған жүргізуші куәліктерін рәсімдеу тәртібі әр елдің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

