Сурет: Көлік министрлігі
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астана-1 теміржол вокзалының құрылыс алаңында болып, нысанды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 41 пайызды құрайды. Мердігер ұйым, жобалаушы және техникалық қадағалау өкілдері жұмыс сапары барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының ағымдағы барысы, кесте сақталуы және жобаны уақытылы аяқтау шаралары туралы есеп берді.
Вокзалдың жалпы ауданы 8 409 шаршы метр. Ғимарат қаңқасы мен шатырын орнату толық аяқталған. Ішкі және сыртқы әрлеу, инженерлік желілер, электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін монтаждау жалғасуда. Сонымен қатар перрон мен конкорстық өткел құрылысы және вокзал аумағын абаттандыру жүргізілуде.
Вице-министр нысанды аралау қорытындысы бойынша мердігерге құрылыс қарқынын сақтауды, сапа бақылауын күшейтуді және реконструкцияны бекітілген кестеге сәйкес аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Астана-1 вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілуде. Жұмыстар аяқталғаннан кейін вокзал жолаушылардың барлық санаты үшін жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарына сай болады.

