Сурет: TV BRICS
Вьетнамда дуриан өсіретін үш елдің аспазы гастрономиялық туризмнің бір бөлігіне айналатын ерекше тағамдар әзірледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа рецептерді Даклак провинциясында өтетін дуриан фестивалі кезінде қонақтарға таныстыру жоспарланған. Вьетнам, Таиланд және Малайзияның бас аспаздары Даклакта өткен гастрономиялық шоуда дурианды заманауи аспаздықта қолданудың жаңа тәсілдерін көрсетті. Олар жергілікті дуриан сұрпын өз елдерінің аспаздық дәстүрлерімен үйлестіріп, 7 авторлық тағам әзірледі. Мәзірге тіскебасарлар, негізгі тағамдар мен десерттер енгізілді.
Таныстырылымнан кейін рецепттер жетілдіріліп, провинциядағы мейрамханаларға, қонақүйлерге және қоғамдық тамақтану орындарына беріледі. Олар дуриан жинау маусымы мен 15 тамыз-2 қыркүйек аралығындағы Даклактағы дуриан фестивалі кезінде кеңінен қолданылмақ.
Өңір билігі фестиваль фермерлердің, кәсіпкерлердің, ғалымдардың, мемлекеттік құрылымдар мен туризм саласы өкілдерінің ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді деп күтеді. Жоба ауыл шаруашылығы мен туризмнің дамуына серпін беріп, жергілікті өнімнің шетел нарығына шығуына мүмкіндік жасайды деген үміт бар.
Даклак провинциясының мәдениет, спорт және туризм департаменті директорының орынбасары Нгуен Куок Хиептің айтуынша, ұлттық асхана мәдени дәстүрлерді сақтауға және өңірдің тарихын қонақтарға таныстыруға көмектеседі. Оның сөзінше, дурианнан дайындалған әрбір тағам өңірдің құнарлы базальт топырағы, фермерлердің еңбегі, заманауи технологиялардың енгізілуі және жергілікті өнімнің халықаралық деңгейде танымал брендке айналу жолын баяндайды.
Фестиваль ұйымдастырушылары гастрономиялық шоуды бағдарламаның тұрақты бөлігіне айналдыруды көздейді. Қатысушылар дурианның тағамдық құндылығы, оны өңдеудің заманауи технологиялары және өнімнің қосылған құнын арттыру жолдары туралы көбірек біле алады. Жоба авторларының пікірінше, бұл жеміс ұлттық асхананың танымал ингредиенті ғана емес, Вьетнамның гастрономиялық көрікті орындарының біріне айналады.

