Сурет: Anadolu
Израильдің 2 наурыздан бері Ливанға жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 4 303 адамға жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі соңғы мәліметтерді жариялады. Министрліктің дерегінше, өткен тәулікпен салыстырғанда қаза тапқандар саны екі адамға артып, 4 303-ке жеткен. Жараланғандар саны 12 202 адамды құрады.
3 шілдеде жарияланған мәліметте 4 301 адамның қаза тапқаны хабарланған еді. Израиль бітімге және АҚШ пен Иран арасындағы келісімге қарамастан, әскери операцияларын жалғастырып отыр.
Ливанның NNA агенттігінің хабарлауынша, Израильдің әскери тікұшағы Медждель-Зун елді мекеніне бес зымыран атқан. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараты Ятир елді мекеніне дыбыстық бомба тастаған.
2 наурызда Израиль әскері Ливан аумағына жаппай әуе соққыларын бастап, оңтүстіктегі бірқатар елді мекенді бақылауға алған еді. Ливан үкіметінің мәліметінше, мәжбүрлі түрде қоныс аударғандар саны 1 миллион адамнан асты.
АҚШ президенті Дональд Трамп 24 сәуірде 17 сәуірден бастап күшіне енген 10 күндік уақытша бітімді тағы үш аптаға ұзартқанын жариялады. 14–15 мамырдағы келіссөздердің үшінші кезеңінің қорытындысы бойынша тараптар атысты тоқтату режимін тағы 45 күнге ұзартуға келісті.
14 маусымда Иран мен АҚШ Пәкістанның арағайындығымен өткен келіссөздер барысында 14 тармақтан тұратын келісімге қол жеткізгенін хабарлады. Келісім Ливандағы әскери қимылдарды тоқтатуды да қамтыды. 26 маусымда Вашингтонда өткен бесінші кезеңнің қорытындысында тараптар «негіздемелік келісімге» қол қойды. Еуропалық Одақ бұл келісімді құптайтынын мәлімдеді.

