Сурет: Polisia.kz
Алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тіркелген қылмыстар саны 10 пайызға кеміген. Кісі өліміне қатысты қылмыс 9 пайызға азайған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігі ауыр және мүліктік қылмыстармен күресте, іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстауда, қылмыстық топтардың жолын кесуде және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылда оң нәтижелерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, басты міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алты айда елімізде қылмыстар саны 10 пайызға төмендеген.
«Аса ауыр қылмыстармен күрес ерекше назарда. Кісі өлтіру қылмысы 9%-ға азайды. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 15 кісі өлтіру, 19 ауыр дене жарақатын келтіру фактісі, 7 зорлау және 31 бұзақылық қылмысы ашылды», деді ол.
Оның сөзінше, ұрлықтар қылмысы да 16 пайызға азайып, олардың ашылу деңгейі артқан. Ұрлық жасағаны үшін 5 мыңнан астам адам ұсталып, шамамен 600 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған. Мал ұрлығына қарсы күрес бойынша 119 адам ұсталып, 28 қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылған.
Қ. Нұрмағамбетовтің келтірген дерегінше, 6 ай ішінде іздеуде жүрген 678 адам ұсталған, олардың 90-ы шетел аумағында. 28 қылмыскер елге экстрадицияланған, 14 адам депортацияланған. Сонымен қатар 362 азаматтың жүрген жері анықталған. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жалғасып жатыр. Павлодар облысында екі заңсыз көші-қон арнасы анықталған. Осындай қылмыстық схемалар Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында да жойылған.

