Categories Ақорда

Бас прокуратура инвесторларды қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің жұмысын бастады

Сурет: Бас прокуратура

Бүгін Бас Прокурор Берік Асыловтың бұйрығымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Бұл мемлекеттік органдарды, отандық және шетелдік ірі бизнесті, еліміздің жетекші заңгерлері мен экономистерін біріктіретін тұрақты диалог алаңының іске қосылғанын білдіреді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кеңес жұмысына Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, мемлекеттік органдардың, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Берік Асылов қатысушыларды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтап, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарының мемлекеттік жүйенің басты бағдарына айналғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Инвестициялық омбудсменнің өкілеттіктері берілген Бас Прокурор бизнесті қорғаудың кешенді жүйесін таныстырды. Прокурорлар инвесторлардың заңмен және мемлекетпен өзара іс-қимылының барлық кезеңінде қадағалауды қамтамасыз етеді.

«Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік ресурстар үшін емес, сенім үшін жүріп жатыр. Біз заңды Қазақстанның бәсекелестік артықшылығына айналдыруға міндеттіміз. Ол үшін үстірт өзгерістер емес, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара қарым-қатынасты жүйелі түрде жетілдіру қажет», деді Берік Асылов.

Қазір прокуратураның сүйемелдеуімен жалпы инвестиция көлемі 112 триллион теңгені құрайтын 3,3 мың инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Үш мыңнан астам инвестордың құқықтары қорғалып, 30 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 270-тен астам жобаның іске асырылуы қамтамасыз етілді. Әкімшілік қысымды төмендету жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларының саны шамамен 40%-ға қысқарды, бизнесті әкімшілік жауаптылыққа тарту жағдайлары 16%-ға азайды, қылмыстық қудалауды төмендету үрдісі сақталуда. Жыл басынан бері прокуратура инвесторлардың құқықтарын бұзуы мүмкін мемлекеттік органдардың 800-ден астам шешімін келісуден бас тартты.

Бас Прокурор бизнесті қорғаудың мемлекеттік кепілдіктерін күшейткен заңнамалық өзгерістерге тоқталды. Енді инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша прокурорлық қадағалау актілері, соның ішінде нұсқама нысанындағылар, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар үшін міндетті. Бас Прокурорға барлық өңірде инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеудің бірыңғай тәртібін айқындау өкілеттігі берілді. Бұл «өңірлік әркелікті» болдырмай, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етеді.

Кеңес отырысында әкімшілік кедергілер бастамашылдықты тежейтін құрылыс саласын жетілдіруге бағытталған шешімдер әзірленді.

Ұқсас жазбалар

Астана әуежайы автотұрақ тарифтерін жаңартады

Астана әуежайы автотұрақ тарифтерін жаңартып, ұзақ мерзімді тұрақтар мен тегін тұрақты сақтайды. Қысқа мерзімді тарифтер…

Президент Алатау қаласын дамытуды маңызды міндет деп санайды

Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамытуды тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Алатау әлемдік деңгейдегі арнаулы…

Мемлекет басшысы әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты

✔️Президент жасанды интеллект жаһандық дамудың қозғаушы күшіне айналады деп санайды. – Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды…