Categories Қаржы

Қазақстанда интернет-алаяқтардан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда интернет-алаяқтықпен күрес күшейтіліп, биылғы жылдың басынан бері тіркелген киберқылмыстар саны 7 пайызға азайды. Бұл туралы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Әлібек Оразалы мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, интернет-алаяқтық әлі де кең таралған қылмыс түрлерінің бірі болып отыр. Қаскөйлер үнемі жаңа айла-тәсілдерді қолданып, заманауи технологиялар мен психологиялық қысым арқылы азаматтардың қаражатын иемденуге тырысады. Сондықтан құқық қорғау органдарының басты міндеті – қылмыскерлерді ұстаумен қатар, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу.

ІІМ мәліметінше, жүйелі жұмыстың нәтижесінде киберқылмыстардың ашылу көрсеткіші жақсарып, интернет-алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға 4,8 миллиард теңге қайтарылған. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлескен жұмыстардың арқасында заңсыз шығарылмақ болған тағы 2,6 миллиард теңгенің жолы кесілген.

Ведомство тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға да ерекше көңіл бөліп отыр. Полицейлер ірі интернет-платформалармен бірлесіп, алаяқтардың жиі қолданатын схемалары туралы ақпарат таратып, халыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатыр. Бұдан бөлек, байланыс операторларымен бірге 150 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталған.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және олардың қызметін тоқтату бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Шетелдік әріптестермен бірлескен операциялар барысында Қазақстан азаматтарын алдаған бірнеше халықаралық алаяқтық call-орталығының жұмысы тоқтатылып, ондаған күдікті ұсталған. Бұған қоса, азаматтардың жеке деректерін заңсыз таратқан интернет-ресурстың қызметі де тоқтатылды.

ІІМ өкілдері ірі интернет-платформалардың әкімшіліктерімен де тығыз байланыс орнатып, жалған ақпарат таратып, азаматтарға қарсы қылмыс жасайтын тұлғаларды жедел анықтап жатқанын мәлімдеді.

Әлібек Оразалы азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, ешбір жағдайда бейтаныс адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректерін немесе жеке мәліметтерді айтуға болмайды. Сондай-ақ белгісіз адамдардың өтінішімен телефонға қандай да бір қосымша орнатудан бас тарту қажет. Егер күмәнді қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласып, қажет болған жағдайда полицияға мәлімет берген жөн.

ІІМ өкілінің сөзінше, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ведомствоның басты басымдығы және киберқылмысқа қарсы күрес алдағы уақытта да жалғасады.

Ұқсас жазбалар

Қаржы министрлігінде жаңа Конституция құндылықтарына арналған велошеру өтті

Қаржы министрлігінде орталық аппарат, комитеттер және ведомстволық ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен велошеру мен тимбилдинг ұйымдастырылды.

Қазақстанда ипотека бойынша максималды мөлшерлеме өзгерді

Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу тәртібі өзгерді. Енді ипотека…

Қазақстанға шетелден көлік әкелу және оны рәсімдеу тоқтатылды

Қазақстанда шетелден әкелінген жеңіл автокөліктерді кедендік рәсімдеуде қиындықтар туындады. Бұл мәселе 30 маусым күні кешкі…