Сурет: Үкімет
Астанада Ветеринариялық қызмет пен мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шараға Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, ғалымдар, фермерлер, аграрлық кәсіпорын басшылары және сала ардагерлері қатысты.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің атынан құттықтау сөзін вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин оқыды. Ол мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының негізгі саласы екенін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет алдағы бес жылға арналған мал шаруашылығы мен ветеринарияны дамытудың Кешенді жоспарларын бекітті. Олар саланы сапалы жаңғыртудың, оның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізі болады, — деді вице-премьер.
Үкімет қолжетімді қаржыландыруға басымдық береді. Биыл мал шаруашылығын жеңілдікпен несиелеу бағдарламаларына 300 млрд теңге бөлінді. Жаңа мемлекеттік қолдау шаралары өндіріс көлемін арттыруға, өнімділікті көтеруге және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2025 жылы мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жетіп, 3,3%-ға өскенін мәлімдеді. Ол биыл екі сала мамандарын бірге құрметтеу символдық мәнге ие екенін, өйткені мал шаруашылығы мен ветеринария бір-бірімен тығыз байланысты екенін айтты.
— 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар саланы сапалы жаңғыртуды, өндіріс көлемін арттыруды және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көтеруді көздейді. Биыл бұл салаға 300 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды, — деді министр.
Кешенді жоспар аясында «Игілік», «Береке» және «Жайлау» жеңілдетілген несиелік өнімдері іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға және жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Өнімділікті арттыру үшін заманауи көбейту технологияларын қолдау күшейтіліп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ынталандырулар енгізілді.
Ветеринарияны дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғыртуға, зертханаларды жабдықтауға, арнайы көліктерді жаңартуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға 66 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ мамандардың жалақысын арттыруға және кадрлық әлеуетті дамытуға 22 млрд теңге бөлінеді.
Салтанатты рәсім мемлекеттік және ведомстволық марапаттарды табыстаумен аяқталды.

