Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында алдағы екі жылда елімізде 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент бұл жобаларды жүзеге асыру үшін шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылатынын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде көлік, тұрмыстық техника, жүк вагондары, құрылыс материалдары және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр.
Тек 2023-2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңге болды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді. Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Президенттің айтуынша, Қазақстандағы жұмысқа жарамды азаматтардың жартысына жуығы табысын шағын және орта бизнестен тауып отыр. Соңғы бес жылда осы секторда еңбек ететін адам саны 4,5 миллионға жетті. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

