Сурет: Энергетика министрлігі
Қазіргі уақытта Қазақстанда жанар-жағармай материалдарының тапшылығы қаупі жоқ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ішкі нарықта жазғы және туристік маусымда тұтынушыларды тұрақты қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерінің жеткілікті қоры жасалған. Жалпы резерв көлемі 1,1 миллион тоннадан асады. Бұған АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин мен дизель отыны кіреді. Қорлар тұрақты түрде сақталып, мұнай өңдеу зауыттарының өндірісі есебінен толықтырылып отырады.
Бұрын енгізілген мемлекеттік реттеу шаралары әлі де күшінде. Атап айтқанда, биылғы 21 қарашаға дейін мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға уақытша шектеу қойылған. Сонымен қатар, автокөліктердің мемлекеттік шекарадан тәулігіне бір реттен артық өтуіне тыйым салынған. 20 маусымнан бастап өткізу пункттерінде бақылау күшейтілді. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Қаржылық мониторинг агенттігінің бөлімшелері тартылған.
Ел ішіндегі жағдай Үкімет пен уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында. Әкімдіктер жанынан әкім орынбасарларының басшылығымен және кәсіпкерлік басқармаларының қатысуымен өңірлік штабтар жұмыс істейді. Жергілікті жерлердегі негізгі жұмысты Мемлекеттік кірістер департаменттері, Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменттері және Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері жүргізіп жатыр. Олар күшейтілген мақсатты тексерулер жүргізіп, жанармай құю станцияларындағы отын қорына мониторинг жасап, жанар-жағармайдың заңсыз әкетілуінің жолын кесу және өнімді өткізушілердің негізсіз әрекеттеріне жедел ден қою жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ, Қазақстанда автомобиль отынының бөлшек саудадағы бағалары мемлекет тарапынан реттелмейтінін және тек нарықтық қағидаттар негізінде қалыптасатынын атап өткен жөн,
— делінген хабарламада.

