Сурет: Fifa.com
Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында 1/8 финалға жолдама алған алғашқы құрама белгілі болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Плей-офф кезеңінің алғашқы матчы Оңтүстік Африка мен Канада арасында өтті. Африка құрлығының өкілдері әлем чемпионатына төртінші рет қатысып отыр, бірақ бұған дейін топтық кезеңнен аса алмаған. Канадалық футболшылардың да жағдайы ұқсас — олар екі рет бақ сынағанымен, топтық кезеңнен кейін ерте қайтқан. Екі команданың деңгейі тең, сондықтан кез келгенінің келесі кезеңге шығу мүмкіндігі болды.
Матч барысында қарсыластар бір-бірінің қақпасына жиі шабуыл жасады, алайда бірінші таймда есеп ашылмады. Екінші таймда да ойын қарқыны өзгермеді. 92-минутта канадалық Стефен Эуштакиу допты қақпаға бағыттап, гол соқты.
Осылайша Канада 1:0 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың келесі сатысына өтті. Енді олар 4 шілдеде 1/8 финалда Нидерланд пен Марокко арасындағы жеңімпазбен кездеседі.
Плей-офф кезеңінде 29 маусымда Бразилия — Жапония, 30 маусымда Германия — Парагвай, Нидерланд — Марокко, Кот-д’Ивуар — Норвегия, 1 шілдеде Франция — Швеция, Мексика — Эквадор, Англия — Конго ДР, 2 шілдеде Бельгия — Сенегал, АҚШ — Босния және Герцоговина, 3 шілдеде Португалия — Хорватия, Аустралия — Египет, 4 шілдеде Аргентина — Кабо-Верде, Колумбия — Гана матчтары өтеді.
1/8 финал 4-7 шілде аралығында, 1/4 финал 9-11 шілде, 1/2 финал 14-15 шілде, ал финал мен 3-орын үшін ойын 18-19 шілде күндері өткізіледі.

