Сурет: Egemen Qazaqstan
Әлем чемпионатының G тобындағы үшінші турда Мысыр мен Иран құрамалары тең түсті. АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы «Люмен Филд» стадионында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Матчтың 5-минутында Махмуд Сабер Мысыр құрамасын алға шығарды. Көп ұзамай Иран құрамасы пенальти тебу мүмкіндігіне ие болғанымен, Мехди Тареми 11 метрлік айып добын мүлт жіберді. Дегенмен арада бірнеше минут өткенде Рамин Резаян есепті теңестірді.
Ойынның соңына қарай Иран құрамасы алға шыққандай көрінді. Шоджа Халилзаде қақпаны дәл көздегенімен, бейнеқайталау нәтижесінде офсайд тіркеліп, гол есепке алынбады. Осылайша кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Мысыр құрамасы әлем чемпионатын Бельгиямен өткен матчтағы 1:1 есебімен бастаған еді. Кейін Жаңа Зеландияны 3:1 есебімен жеңді. Ал Иран алғашқы турда Жаңа Зеландиямен 2:2 есебімен тең ойнап, кейін Бельгиямен 0:0 нәтижесін тіркеді.
Осылайша Мысыр құрамасы G тобынан плей-офф кезеңіне жолдама алды.

