Categories Қаржы

Олимпиадаға қатысқан әр спортшыға 10 мың доллар берілуі мүмкін

Сурет: Egemen Qazaqstan

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) спортшыларды қолдау үшін жаңа бағдарламаны іске қосты. Енді Олимпиада ойындарына қатысқан әрбір спортшы алғаш рет 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі арнайы грант ала алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа бастама Швейцарияның Лозанна қаласында өткен ХОК-тың 146-сессиясында таныстырылды. Бағдарлама аясындағы алғашқы гранттар 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының қатысушыларына беріледі.

«Fit for the Future Olympian Grant» деп аталатын жоба спортшылардың кәсіби мансабын дамытуға және спорттан кеткеннен кейінгі өмірге бейімделуіне көмектесуді көздейді.

ХОК мәліметінше, әр олимпиадалық цикл кезінде шамамен 14 мың спортшы осы грантқа үміткер бола алады. Қаражат ұлттық олимпиадалық комитеттер арқылы бөлінеді. Егер спортшы грант алуға өтініш бермесе, бөлінген қаржы қорда қалып, болашақ олимпиадашыларды қолдауға жұмсалады.

Бағдарлама Олимпиада қозғалысына қатысушы ұйымдарға көрсетілетін қазіргі қаржылық қолдау көлемін азайтпайды. Сондай-ақ грант Олимпиада ойындарына арнайы аккредитациямен қатысқан барлық спортшыларға қолжетімді.

Алайда бұл мүмкіндік жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушыларына берілмейді. Сонымен қатар үміткерлер допингке қарсы талаптарды, Олимпиадалық хартияны және ХОК-тың этикалық нормаларын бұзбауы керек.

ХОК Спортшылар комиссиясының төрағасы Пау Газольдің айтуынша, грант белгілі бір елдің спортшыларына немесе жүлдегерлерге ғана арналмаған. Оның мақсаты – Олимпиадаға жету жолында жылдар бойы еңбек еткен әрбір спортшының қажырлы еңбегін мойындау.

Қазіргі уақытта ХОК грантқа өтініш қабылдау және төлем жүргізу тәртібін әзірлеп жатыр. Алғашқы өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың соңында басталып, төлемдер 2027 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланған.

Ұқсас жазбалар

Жүргізуші куәлігі мен көлік нөмірін үйге тапсырыспен алу мүмкіндігі пайда болды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жаңа қызметті іске қосты. Енді Қазақстан тұрғындары дайын жүргізуші куәлігін,…

Қазақстанда келесі жылдан бастап қағаз еңбек кітапшалары жойылуы мүмкін

Қазақстанда қағаз еңбек кітапшалары келесі жылдан бастап жойылуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік…

Ауылдық жолдарға асфальт төсеу тоқтатылады

Қазақстанда автомобиль жолдарын жөндеу нормативтері өзгертілді. Енді көлік қозғалысы сирек учаскелерде асфальт-бетонның орнына басқа шешімдер…