Тоқаев Брюссельде Тони Блэр және еуропалық бизнес көшбасшыларымен кездесті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Қазақстандағы ауқымды реформалар мен елді саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың негізгі бағыттары талқыланды. Президент мемлекеттік институттарды дамыту, басқару тиімділігін арттыру және халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған өзгерістер туралы айтты.

Мемлекет басшысы Groupe ADP компаниясының бас директоры Филипп Паскальмен де кездесті. Тараптар Алматы әуежайын дамытудың ұзақмерзімді перспективасына назар аударды. Президент әуе хабтарын дамыту көлік-логистика саласындағы стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Оның бағалауынша, Groupe ADP компаниясының Алматы әуежайы инфрақұрылымын басқаруға қатысуы табысты серіктестіктің үлгісі болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның жаңа халықаралық терминал салу сияқты маңызды жобаларды тиімді жүзеге асырғанын атап өтті. Бұл инфрақұрылымның жаңаруына және жолаушылар санының жылына 14 миллионға дейін артуына мүмкіндік берді. Филипп Паскаль Алматы әуежайын дамытуға арналған ұзақмерзімді бас жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат берді. 2050 жылға дейінгі инвестициялық бағдарлама әуежайдың өткізу қабілетін жылына 55 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға жол ашады. Кездесуде өңірлердегі әуежайларды дамыту бойынша жаңа бірлескен жобаларды ілгерілету перспективасы да талқыланды.

Groupe ADP бас директоры мемлекет авиациялық инфрақұрылым қызметіне қолайлы нормативтік-құқықтық база жасақтағанын айтты. Президент Брюссельге сапары аясында қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы келісім саланы дамытудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Президент Inditex Group бас директорының орынбасары Сантьяго Мартинес-Лахе Собредоны қабылдады. Мемлекет басшысы экономикалық ықпалдастық қазақ-испан қарым-қатынасының негізгі тіректерінің бірі екенін, Қазақстанда 60-қа жуық испандық компания жұмыс істейтінін айтты. Президент Inditex тобының еліміздегі қызметін кеңейту және Қазақстанды Орталық Азияның басты көлік-логистика торабына айналдыру жоспарын құптады. Ол компанияның уақыт өте келе логистика аясынан шығып, тоқыма саласында қуатты өндіріс орнын құра алатынына сенімді екенін жеткізді. Сантьяго Мартинес-Лахе Собредо Қазақстанда кәсіпкерлік пен инвестицияға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бизнесті өркендету жоспарымен бөлісті.

Мемлекет басшысы Mediterranean Shipping Company аға вице-президенті Эдуард Зигристті де қабылдады. Кездесуде көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Контейнерлеу деңгейін ұлғайтуға ерекше назар аударылды, бұл жүк айналымын арттыруға септігін тигізеді. Президент компанияның Қазақстан нарығындағы қызметіне жоғары баға беріп, Орта дәлізді дамыту еліміз үшін стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Ол Эдуард Зигристке Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін күшейту шаралары туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, Әзербайжан және Грузиямен бірге бірыңғай ұзақмерзімді тариф моделін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірлесіп теңіз табанын тереңдету, Құрық портын жаңғырту сияқты инфрақұрылым жобалары қолға алынды. Президент компанияның Каспий жағалауындағы порт инфрақұрылымына инвестиция салуға қызығушылығын құптап, мұндай жобалар бағыттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсіміне ықпал ететінін айтты. MSC аға вице-президенті компанияның ұзақмерзімді инвестициялық жоспары туралы баяндады, оның аясында логистикалық терминалдарға, темір жол активтеріне және порт инфрақұрылымына инвестиция салу көзделген.

Ұқсас жазбалар

Әскерде ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды

Мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтар әскерде қызмет ету кезінде алған ауыр ми жарақатынан көз жұмды.…

Жастар роман оқиды: ЕҰУ-да Қуаныш Жиенбаймен кездесу өтті

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жазушы Қуаныш Жиенбаймен кездесу өтті, онда «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» романы…

Тоқаев еуропалық серіктестерді ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасуға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінде еуропалық серіктестерді ауыл шаруашылығы…