Сурет: Қорғаныс министрлігі
Арнайы операциялар күштері Тау дайындығы орталығының альпинистері Солтүстік Американың ең биік нүктесі – Денали шыңын бағындырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Экспедиция кезінде әскери қызметшілер шың басына Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Арнайы операциялар күштерінің туын салтанатты түрде көтерді.
Экспедиция әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығын, төзімділігі мен рух күшін айқын көрсетті. Солтүстік Американың ең биік шыңын бағындыру олардың тамаша дене психологиялық дайындығымен қатар, отансүйгіштік, ерлік пен табандылық қасиеттерін паш етті, – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Денали – Солтүстік Америкадағы ең биік тау шыңы. Оның биіктігі 6190 метрді құрайды. Шың АҚШ-тың Аляска штатында орналасқан Денали ұлттық паркі мен қорығының аумағына кіреді. Атабаска үндістерінің тілінде «Денали» сөзі «Ұлы» деген мағынаны білдіреді.

