Categories Әлем

АҚШ пен Иран келіссөздері Швейцарияда жалғасуда

Сурет: Reuters

АҚШ пен Иран делегациялары Швейцарияда тікелей келіссөздердің жаңа кезеңін бастамақ. Кездесуге Иранның Ормұз бұғазын қайта жапқаннан кейінгі Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі себеп болып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сенбі күні Тегеран Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған соққыларынан кейін Ормұз бұғазының қайта жабылғанын мәлімдеді. Иран билігі бұл әрекеттерді АҚШ-пен өзара түсіністік туралы меморандумды бұзу деп бағалады. Алайда Пентагон бұғаздағы кеме қатынасы қалыпты режимде жалғасып жатқанын хабарлады.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс келіссөздер жүргізу үшін Швейцарияға ұшып барды. Иран делегациясын парламент спикері Мұхаммад-Багер Ғалибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастап келді.

Ирандық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, делегация құрамында қауіпсіздік қызметтерінің, орталық банктің және мұнай саласының жоғары лауазымды өкілдері де бар. АҚШ тарапынан келіссөздерге президенттің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысады.

Келіссөздер қарсаңында Джей Ди Вэнс ядролық бағдарлама мен Ливандағы атысты тоқтату мәселелері бойынша келісімге қол жеткізуге ниетті екенін білдірді.

«Ядролық мәселе бойынша да, Ливандағы атысты тоқтату жөнінде де ортақ келісімге қол жеткіземіз деп үміттенемін», деді ол.

Джей Ди Вэнстің айтуынша, келіссөздердің алғашқы кезеңі бірнеше күнге созылуы мүмкін. Оның сөзінше, басты мақсат – Израиль мен Ливанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірдегі тұрақтылықты нығайту болып отыр.

Өз кезегінде Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаи Тегеран келіссөздер барысында қарсы тараптан өз міндеттемелерін толық орындауды талап ететінін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін қос тарап 60 күндік өзара түсіністік меморандумына қол қойған еді. Осыған сәйкес, Пентагон бұғаздағы блокаданы алып тастаса, Иран Ормұздағы кемелерден аталған уақыт аралығында алыс алуды тоқтататынын мәлімдеген болатын. Алайда күні кеше Израильдің Ливанға жасаған соққыларынан кейін Иран Ормұз бұғазын қайта жапты.

Ұқсас жазбалар

Иран Израильдің Ливанға соққысынан кейін Ормуз бұғазын қайта жапты

Иран Израильдің Ливанға жасаған әуе шабуылдарынан кейін Ормуз бұғазын кемелер үшін қайта жауып тастады.

Халықаралық іздеудегі алаяқтыққа күдікті Түркиядан Қазақстанға жеткізілді

Халықаралық іздеуде жүрген алаяқтыққа күдікті Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол Самсун қаласында ұсталып, 20 жыл жасырынған.

Қытай кәдімгі смартфон арқылы алғашқы спутниктік қоңырау жасады

Қытайдың Yuanxin Satellite компаниясы ешқандай өзгеріс енгізілмеген кәдімгі коммерциялық смартфон арқылы елдегі алғашқы спутниктік қоңырауды…