Сурет: Egemen Qazaqstan
Үш дүркін әлем чемпионы, 54 келі салмақта өнер көрсететін Назым Қызайбай әлем Кубогының екінші кезеңінде ширек финалда Польша боксшысы Виктория Рогалинскамен кездесіп, Бразилияда өткен бірінші кезеңдегі жеңілісінің есесін қайтарды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Отандасымыз алғашқы раундтан бастап басымдықты қолға алып, шеберлік жағынан басым екенін дәлелдеді. Қорытынды есеп 4:1 болды.
Екі дүркін әлем чемпионы, 51 келідегі Алуа Балқыбекова 1/8 финалда Венесуэла өкілі Ирисмар Кардозомен жолықты. Ол жекпе-жек барысында қорғаныс пен шабуылда нәтижелі қимылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Ерлер бәсекесінде Санатәлі Төлтаев жарыс жолынан шығып қалды. 65 келіде өнер көрсететін боксшымыз екінші айналымда Англиядан келген Патрис Мугалзаидан 0:5 есебімен ұтылды.
Ертеңгі жарыс күнінде сегіз боксшымыз шаршы алаңға шығады. Күндізгі сессия Қазақстан уақытымен 09:00-де басталады. 60 келіде Виктория Графеева Оңтүстік Корея боксшысы Иеонжи Охпен, 70 келіде Лаура Есенкелді Қытай боксшысы Ян Люмен кездеседі. Сондай-ақ Санжар Тәшкенбай Қырғызстан боксшысы Анваржан Ходжиевпен, Абылайхан Жүсіпов Өзбекстан боксшысы Шавкатжон Болтаевпен, Тимур Нұрсейітов Болгария боксшысы Рами Киванмен жұдырықтасады.
Кешкі сессия Қазақстан уақытымен 15:30-да басталады. 51 келіде Алуа Балқыбекова Үндістан боксшысы Минакшимен, 65 келіде Аида Әбікеева АҚШ боксшысы Марие Росендомен, +90 келіде Айбек Оралбай Англия боксшысы Мэтью Уильямспен кездеседі.

