Сурет: Egemen Qazaqstan
Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Astana Mining & Metallurgy халықаралық конгресі аясында «Тау жоталарынан далаға дейін: канадалық тау-кен компаниялары Қазақстанның әлеуеті туралы» панельдік сессия өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шарада жетекші канадалық тау-кен компаниялары Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін талқылады. Кездесудің басты мақсаты – халықаралық және канадалық бизнес өкілдеріне Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі әлеуетін таныстырып, салаға шетелдік инвестициялар тарту.
Панельдік сессияға Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, сондай-ақ B2Gold, Teck Resources, First Quantum Minerals және Arras Minerals компанияларының өкілдері қатысты. Әлібек Қуантыров өз сөзінде Қазақстанның тау-кен және металлургия саласындағы инвестициялық артықшылықтарына тоқталып, инвесторларды қолдау тетіктері, іскерлік ахуалды жақсарту бағытындағы реформалар мен минералдық-шикізат базасын дамыту шаралары туралы айтты. Сондай-ақ халықаралық компанияларды геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы жаңа жобаларға қатысуға шақырды.
Канадалық компаниялардың өкілдері Қазақстандағы бизнес жүргізу шарттарына оң баға берді. Олар мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың тиімділігін, рәсімдердің ашықтығын және инвестициялық климатты жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмысты атап өтті.
Талқылау барысында шетелдік инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық серіктестік аясын кеңейту мәселелері сөз болды. Қатысушылар Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл кездесу Қазақстан мен Канада арасындағы салалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп, канадалық бизнестің отындық нарыққа қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Astana Mining & Metallurgy 2026 – Қазақстан мен Орталық Азиядағы тау-кен және металлургия саласындағы ең ірі халықаралық форумдардың бірі. Жыл сайын бұл алаңға әлемнің 60-тан астам елінен 5 мыңнан астам қатысушы жиналады. Канадалық компаниялардың қатысуымен өтетін арнайы сессия биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр.

