Сурет: FIFA
Бүгін, 15 маусымда, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде төрт кездесу өтеді. Оның ішінде H тобында Испания Кабо-Вердемен ойнайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алғашқы матч F тобында Нидерланд пен Жапония арасында өтіп, 2:2 есебімен тең аяқталды. Кездесу АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы AT&T Stadium стадионында өтті.
04:00-де Кот-д’Ивуар мен Эквадор кездесіп, G тобындағы ойын 1:0 есебімен африкалық команданың пайдасына шешілді. Ал 07:00-де Швеция Тунисті 5:1 есебімен ұтты.
Бүгін сағат 21:00-де H тобында Испания мен Кабо-Верде АҚШ-тың Атланта қаласында кездеседі. Матчты иорданиялық төреші Адхам Мохаммад басқарады. Бұл топта Сауд Арабиясы мен Уругвай да бар.
Испания әлем чемпионатына 17 рет қатысып, 2010 жылы чемпион атанған. 2024 жылы Луис де ла Фуэнте баптаған құрама Еуропа чемпионатын жеңіп алды. Кабо-Верде әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отыр, іріктеуде Камерунды артта қалдырды.
Матчтарды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей көрсетеді. Сондай-ақ qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн қолжетімді.

